Былтыр 2,3 мыңнан астам адам тұрғын үй сертификатын алды


2022 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының 50%-ы субсидияланады. Бұл жеңілдік бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар үшін қарастырылған. Қазір 11 мыңнан астам отбасы тұрғын үйді жалға алғаны үшін 50% төлеу бойынша мемлекеттік қолдауға ие. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ОКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұдан бөлек, мұқтаж азаматтарға әкімдіктер ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаттарын береді.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,6 млрд теңгенің сомасында 2,3 мыңнан астам тұрғын үй сертификаттары берілді. Осы жылдың бірінші тоқсанында әкімдіктермен жалпы сомасы 580 млн теңге сомасына 522 сертификат берілді. Сондай-ақ кезекте тұрғандарға 2% және 5% мөлшерлемесі бойынша жеңілдікті займдар беріледі. 2% мөлшерлемесі бойынша займ кезекте тұрғандардың төрт санатына беріледі. Бұлар: бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар және жетім балалар», – деді министрлік өкілі.
Осылайша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жылдық 2%-бен 3 859 жеңілдетілген займ берілді. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй сатып алуға 967 займ берілді.
Сонымен қатар өткен жылы 5% мөлшерлеме бойынша 5 145 несие берілді. Жыл басынан бері 1 255 азамат жеңілдікті несие алды. Аталған жеңілдікті қарыздар халыққа «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс банкі арқылы беріледі. Қосымша, өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 7%, азаматтардың қалған санаттары үшін 9%-дық мөлшерлемемен «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама бойынша жыл сайын 12 мың қарыз беріледі. Осы жылдың төрт айында «Наурыз» бағдарламасын 1,5 мыңнан астам азамат пайдаланған. Олардың 1 мыңға жуығы – жұмысшы мамандық өкілдері.



