Балаларға қатысты аса ауыр қылмыстардың саны азайды – Динара Закиева

Балаларға қатысты аса ауыр қылмыстардың саны азайды – Динара Закиева
фото: instagram.com/zakiyevadinara

Қазіргі қоғамда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау өзекті мәселе. Ол  тек ата-ана үшін ғана емес, қоғамды алаңдатып отыр. Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Elordainfo.kz тілшісі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен бала құқығын қорғау саласындағы басты мәселелер туралы сұхбаттасты.

- Динара Болатқызы, елімізде бала құқықтарын қорғауға бағытталған қандай заңдар маңызды деп санайсыз?

- Елімізде бала құқықтары 5 кодекс, 10 заң, 12 НҚА, 44 қаулымен бекітілген. Сонымен қатар, осы салада 15 халықаралық құжат ратификацияланған. 

Былтыр қабылданған заңмен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне жаза қатаңдатылды. Мысалы, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді.  Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін татуласу мүмкіндігі алып тасталды. Сонымен қатар жаңа баптар енгізілді. Олардың арасында балаларға қатысты жыныстық сипаттағы тиіспе әрекеттерге қатысты бап, буллинг үшін жауапкершілік енгізген бап бар. Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. 

Атап өту керек, қабылданған заңдар мен іс-шаралар нәтижесінде елімізде бала құқықтарының бұзылуы, оның ішінде балаларға қатысты аса ауыр қылмыстардың саны азайды. Мәселен, биылғы төрт айдың қорытындысына келсек, жыныстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты бес бап бойынша қылмыстар 24,7%-ға, ал педофилияға қатысты екі бап бойынша қылмыстардың саны 41%-ға азайды.

- Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту үшін қамқоршылық қызметкерлерінің санына қатысты норматив заңға енгізілді. Енді әр 5000 балаға кемінде 1 маман қарастырылған. Мысалы, Астана каласында 500 мың балаға бұрын 5 маман ғана болса, енді 105 маман болмақ. Жалпы, 111 телефоны 1,5 жылдан бері жұмыс істейді. Хабарласатын адамдардың саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Осылайша, соңғы 4 айда 111-ге 48 мың қоңырау түсті және балалардан QR-код арқылы 73 мың СМС түсті. 

Олардың көбі ақпарат алу мақсатында хабарласады. Одан бөлек, құқықтық, психологиялық көмек, білім беру, зорлық-зомбылық пен қатігездік, денсаулық сақтау саласы бойынша сұрақтар түседі.

Ал балалардан түскен қоңыраулар мен хабарламалар арасында ең өзекті мәселелер сыныптастармен қарым-қатынас, зорлық-зомбылық пен буллинг, психологиялық көмек.

- Динара ханым, балалар тарапынан түскен өтініштер қалай қаралады?

- Мысалы, Қостанай облысынан 16 жастағы қыз хабарласты. Анасы ауруханада жатқанын айтып, уайымдап жүр екен. Оператор онымен сөйлесіп, қолдау көрсетіп, ақпаратты мектебіне жіберді. Нәтижесінде мектеп психологы қызбен жеке жұмыс істей бастады. Ол анасы ауруханадан шыққанға дейін бақылауда болады.

Жалпы, осы жылғы 4 айдың ішінде 264 бала психологиялық мәселемен хабарласты. Оның ішінде операторлар 25 суицидтің алдын алды. Сонымен қатар ауыр депрессияда жүрген балалар жазып жатыр. Олардың бәрімен Балаларды психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, балалар қауіпсіздігіне қатысты ересектерден өтініштер келіп түседі. Олар да тексеріліп, факт анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

- Құқықтары бұзылған балаларға қандай көмек көрсетіледі?

- Құқықтық сауатты болу - әр баланың қауіпсіздігінің кепілі. Осыны ескере отырып, өткен оқу жылынан бастап біз еліміздің барлық мектептерінде қауіпсіздік сабақтарын енгіздік. Бұл сабақтарда оқушыларға өз құқықтары, қауіпсіздік ережелері, буллингтен қорғану, төтенше жағдайлардағы іс-қимыл сияқты маңызды ақпараттар түсінікті әрі интерактивті түрде жеткізіледі. Сонымен қатар, балалар кез келген уақытта 111-ге немесе тікелей маған хабарласып, ақылдаса алады.

Құқықтары бұзылған балаларға жағдайға байланысты әр түрлі бағытта кешенді көмек көрсетіледі. Баланың психоэмоционалдық жай-күйін қалпына келтіру үшін психолог мамандар психологиялық қолдау көрсетеді. Заңгерлер бала мен оның отбасына құқықтарын түсіндіріп, қажет болған жағдайда сотқа дейінгі немесе сот процесінде құқықтық көмек береді. Егер отбасында қиын жағдай анықталса, ата-анасына әлеуметтік қызметтер, жәрдемақы және басқа да қолдау түрлері ұсынылады. Балаға дене жарақаты келтірілсе немесе денсаулығына зиян келсе, медициналық көмек ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда бала уақытша қауіпсіз жерге орналастырылып, тиісті органдар арқылы қорғауға алынады.

- Әлеуметтік желілерде балаларға арналған контентке бақылау қалай жүргізіледі?

- Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерді тұрақты түрде мониторингілеп отырады, яғни кибербақылау механизмі бар. Қауіп төндіретін материалдар, оның ішінде кибербуллинг, зорлық-зомбылықты насихаттау немесе суицидке итермелеу секілді контент анықталған жағдайда, министрлік әлеуметтік желі әкімшілігіне ресми сұрау жолдап, оны жоюды талап етеді. Бұл жұмыс халықаралық платформалармен өзара ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылады.

 - Жалпы ауыл мен қала балаларының құқығы бірдей қорғалып жатыр деп айта аламыз ба?

- Ауыл мен қала балаларының құқықтық мәртебесі заң жүзінде тең. Алайда қосымша білім, спорттық, қосымша білім беру және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымға қолжетімділік жағынан өңірлік теңсіздік бар екенін жоққа шығармаймыз. 

Мұндай айырмашылықты азайту үшін біз Президент таспырмасымен “Қазақстан Халқына” қорымен бірге ауылдық жерлерде балаларға арналған спорт кешендерін, оңалту кешендерін ашумен жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, қазіргі таңда заманауи оңалту орталығы 49 елді-мекенде ашылды, биыл тағы 21 орталық ашылады.

- Елімізде бала құқықтарын қорғау саласында қандай реформалар қажет деп есептейсіз? 

-Әрине, шешу керек мәселелер әлі де бар. Мысалы, қазіргі таңда Балаларды қорғау басқармаларын құрумен айналысып жатырмыз. Олардың мәртебесін, функцияларын заңмен бекіту үшін арнайы заң жобасын дайындап жатырмыз. Екіншіден, алимент мәселесіне қатысты заң жобасы қазір Үкіметтің қаралуында. Сонымен қатар балалардың жеке деректерін қорғау, олардың фото және видеоларын рұқсатсыз тарату үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, балаларды жалғыз таксиге отырғызып басқа қалаларға жіберуге қатысты түзетулер де бар. Осыған байланысты мен Мәжіліске балалар қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қосымша түзетулер жібердім. Сонымен қатар балалар алаңдарының, аттракциондардың қауіпсіздігі туралы түзетулермен депутаттармен жұмыс істеп жатырмын.

Қазіргі таңда Президент тапсырмасымен “Қазақстан Балалары” бағдарламасы даярлануда. Оған қолданыстағы балалардың құқықтарын қорғау шаралары, сонымен қатар әлі шешілмеген мәселелерге қатысты шешімдер енгізілетін болады.

-Сұхбатыңызға рақмет!