Қазақстан мен Ұлыбритания еңбек көші-қоны бойынша ынтымақтастықты талқылады

31 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан мен Ұлыбритания еңбек көші-қоны бойынша ынтымақтастықты талқылады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы іс-қимыл қызметінің (GLAA) өкілдері Колин Нортон және Невилл Брэдберимен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Келіссөздер барысында тараптар Ұлыбританияға маусымдық жұмыстарға баратын Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде ҚР ұлттық заңнамасын ескере отырып, қазақстандық азаматтарды жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы әкету үлгісін талқылады.

Асқарбек Ертаев елден тыс жерлерде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.

«Ұлыбританияның еңбекшілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету саласындағы тиімді өзара іс-қимылды дамытуға, атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен GLAA арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға қосқан үлесін атап өткім келеді. 

Біз қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуына және олардың қабылдаушы мемлекеттің еңбек нарығына табысты интеграциялануына қолайлы жағдайлар жасау біздің елдеріміз арасындағы жауапты және өзара тиімді ынтымақтастықтың ажырамас бөлігі болып табылады деп санаймыз», – деді ол.

2023-2027 жылдарға арналған ҚР Көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін реттеу тетіктері қайта қаралды – Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бойынша олардың еңбек мобильділігі орталықтарымен өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді және іске асырылуда.

Өз кезегінде GLAA өкілдері сапар, визаға өтініш беру туралы толық ақпарат алу рәсімі туралы, сондай-ақ қазақстандық азаматтардың Ұлыбританияға маусымдық жұмыстарға баруын ұйымдастыру процесіндегі өзге де маңызды сәттер туралы айтып берді.

Кездесу соңында тараптар Ұлыбританияда жұмыс істеуді жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды одан әрі дамыту туралы уағдаласты.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 11 ақпанында Лондонда өткен «Қазақстан – Ұлыбритания» Стратегиялық диалогы аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен GLAA арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың еңбек көші-қоны саласындағы өзара іс-қимылын көздейді.