«Ауылдық коэфициент болуы керек»: депутат МӘМС-ке қатысты ұсыныс айтты


Мәжіліс отырысында депутаттар бірінші оқылымда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарады. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ауыл азаматтарына медициналық қызмет көрсету туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс депутаты МӘМС бойынша ауылдық коеффицент 30 пайыз болуы тиіс екенін айтты.
«Бүгін өте маңызды заң қаралып отыр. Қазір урбанизацияның үлкен ауыртпалығын ауылдар көріп отыр. Ауылдағы халықтың қалаға көшуінің бір себебі – медициналық қызметтің қолжетімді болмауы. Сондықтан да ең алдымен біздің сұрайтынымыз ауылдық коеффицент болу керек. Бұл заңмен бекітілуі тиіс. Қазіргі таңда өзіңіз білесіздер, ауылдағы тар буынды мамандарды ұстап тұру және оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес. Оларға да күнделікті қажеттілік жоқ. Сондықтан да ауылдағы мекемелер сол мамандарды аудан орталығынан ауылдарға апарып тұруға мәжбүр. Ол деген көлік шығыны және үлкен қаражат. Сондықтан ауылдық коеффицент кем дегенде 30 пайыз болуы тиіс»,- деді Анас Баққожаев.
Анас Ахатұлы өз сөзінде медицина саласында жеке меншік кәсіпкерлерге мүмкіндік беру туралы айтты.
«Президентіміз алғашқы медициналық қызмет пен амбулаториялық қызмет көрсетуде жеке меншік мекемелердің қатысуын айтқан болатын. Бұл өте жақсы саясат. Себебі мемлекеттің аяқ баспаған ауылдарына жеке меншік кәсіпкерлер баруға дайын. Мысалы, 500 халқы бар ауылдар бар. Мемлекет үшін ол жерге зәулім ғимарат салып, мамандар апару қажет емес. Қазіргі таңда бірнеше облыстарда жеке меншік инвесторлар келіп , ауыл медицинасына үлкен көңіл бөліп жатыр. Осыдан 2 жыл бұрын жеке меншік кәсіпкерлерді ыңталандыру мақсатында арнайы пайда нормасы енгізілген болатын. Бірақ осыдан 4-5 жыл бұрын келісімшартқа қол қойып қойған мекемелер жаңа норманы пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Себебі оларда заң шектеулері бар. Міне осындай кәсіпкерлерге жаңадан енгізілген нормаларды пайдаланып, ауылға барып, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді деп есептеймін»,- деді ол.
Мәжіліс депутаты жаңа жоба бойынша криминализация күшейтуге қарсы екенін айтты.
Мен өз басым криминализацияға қарсымын. Себебі бұл мәселеде біз абай болуымыз керек. Дәрігердің онсыз да жұмысы ауыр. Біз бірдене болса, «соттаймыз, түрмеге отырғызамыз» десек не боламыз? Қазір әкімшілік жауапкершілік бар. Соның өзі жеткілікті деп есептеймін. Сонымен қатар 3 млн 300 мың адам МӘМС-тен тыс қалған. Иә, мемлекет ұсынатын кепілдендірілген қызмет түрлері бар. Бірақ оның пакеті өте аз болайын деп тұр. Жұмыссыз жүрген адам еріккеннен жұмыссыз жүрген жоқ. Сондықтан жұмыссыз жүрген адамдарға да емделуге мүмкіндік беру керек»,- деді Анас Баққожаев.



