Астанада ақылы автотұрақтар әкімдікке өтеді – Нартай Аралбайұлы
![Сабина Кәкімжан](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Астанада ақылы автотұрақтар әкімдікке өтеді – Нартай Аралбайұлы](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925062229174424.webp)
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ақылы автотұрақтардан азаматтардың «ақысын алуды» тоқтатпаймыз. Әріптесім Үнзила Шапақ ханыммен бірге Астана және Алматы қаласы әкімдігіндегі тұраққа жауапты тұлғалармен жұмыс тобын өткіздік», - деді депутат.
Халық қалаулысы жиынның нәтижесі туралы да айтты.
«Нәтижесінде: Астана қаласындағы ақылы автотұрақтар 2025 жылдың жаз мезгілінде толықтай әкімдікке өтетін болды. Ақылы автотұрақтың ақысын төлеуді ұмытып кеткендерге алдымен смс хабарлама барсын дегенбіз. Алматы бір қадам жасапты. Алматыда ақылы автотұраққа кірсеңіз, ол жерде сізді камераға түсірсе хабарлама келеді екен: «сіздің көлігіңіз ақылы автотұраққа кірді» деген. Ескертпе. Тұтас қаланы аталған жобамен қамтиды жуырда. Бұл біздің әкімшілік кодекске енгізген өзгерістерімізден кейін жасалған қадам. Енді біз «төлемді ұмытқандарға смс жіберілсін, содан кейін 24 сағат ішінде төлемегендерге ғана айыппұл салынуы мүмкін» деген талапты қойдық. «Орындаудың амалын іздейміз» деді әкімдіктер. Айтпақшы, ақылы автотұрақтардың ақысын төлемегендерге салынатын айыппұлдың құнын 3 есеге түсіргенімізді алдында айтқанмын. Заң наурызда күшіне енеді», - деді Нартай Аралбайұлы.
Сондай-ақ қалада халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында ақылы автотұрақтар болмауы мүмкін.
«Астанада ақылы автотұрақта 5 минут қана тегін тұра аласыз. Соны көбейту керек деп депутаттық сауал жолдадым. Астанада тегін тұру уақытын 15 минут қылуға келісті әкімдік өкілдері. Өзгеріс күшіне енгенде хабарлаймын. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында ақылы автотұрақ болмау керек дедік. Әкімдік уәжбен келісті, іске асыру тетіктерін дайындап әкеледі!», - деді Мәжіліс депутаты.