«Қылмыстық құрам бар»: министр аурухананың жертөлесінен мәйіті табылған жүкті әйел туралы мәлімет берді


Бұл жайт Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында белгілі болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
БАҚ өкілі Денсаулық сақтау министрінен Жамбыл облысы, Шу қаласындағы аурухананың жертөлесінен өлі табылған аяғы ауыр әйелдің ісі туралы сұрады.
«Бұл жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жұмыстарды атқарды. Бүгінгі күні бас дәрігер жұмысынан шеттетілді. Өз тарапымыздан қай деңгейде, қандай кемшіліктер анықталғаны туралы анықтаманы бердік. Құқық қорғау органдары тиісті іс қозғады, нақты қорытындысы әлі шыққан жоқ», - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министр сондай-ақ бұл оқиғаға байланысты қылмыстық құрам бар екенін растады.
«Республикалық комиссия Жамбыл облысы әкімімен бірлесе отырып, 26 шақты мекемеде жүйелі тексеру жұмыстарын жүріп жатыр. Әйел босанған аудандық ауруханадағы перзентхана бөлімшесін жаптық», - деді министр.



