Әрінов Қарағанды мен Павлодар облысының аумағындағы өртке қатысты Үкіметте есеп берді
Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара маңындағы аумағындағы өртті жою жөніндегі ақпаратты тыңдады, деп хабарлады Elordainfo.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет басшысына ағымдағы жағдай және өртті сөндіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Құрғақ шөптің өртенуі биылғы 6 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданымен шектесетін Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының аумағында орын алды. ТЖМ жедел штабы өртті жою үшін барлық шараларды қабылдады. Ауылдың 18 тұрғыны эвакуацияланды.
Астана қаласы, Абай облысы, Ақмола облысының және басқада да ТЖД күштері мен құралдары қосымша тартылды. Бүгінгі таңда Павлодар облысында өрт оқшауланды, жағдай бақылауда. Бүгін Қарағанды облысында өрт оқшауланады деп күтілуде.
Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.