Мемлекеттік басқару академиясына жаңа ректор тағайындалды

Бүгін, 10:58
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мемлекеттік басқару академиясына жаңа ректор тағайындалды
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Сағатұлы Жолманов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.

Азамат Жолманов мемлекеттік басқару саласында 10 жылдан астам еңбек еткен.

Ол «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша Еуразия ұлттық университетін, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар департаментінің сарапшысы лауазымынан бастаған. Кейін Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, директордың орынбасары, Мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби дамыту институты директорының орынбасары, Қарағанды облыстық филиалының директоры, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Стратегиялық әзірлемелер және халықаралық бағдарламалар департаменті директоры лауазымдарын атқарған. 

2022 жылғы 7 ақпанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалған болатын. 

Сондай-ақ Президент өкімімен Әлібек Ахмедьяр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.