Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогы кері қайтарылды

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогы кері қайтарылды
Фото: kfb.kz

Бокстан Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогы қайта табысталды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz

«Қазақстан бокс федерациясының септігімен Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогы қайтарылды. Астанада Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың қатысуымен кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогын табыстау», - деп жазылған ресми хабарламада. 

Вэл Баркер кубогы – Олимпиада ойындарындағы үздік боксшыға берілетін қайталанбас жүлде. 2004 жылы Афинадағы бәсекеде чемпион атанған Бақтияр Артаев жарыстың үздік былғары қолғап шебері деп танылған еді.

Бақтияр Артаев өз кубогын бірнеше жыл бұрын IBA ұйымына тапсырған және олар сапалы көшірмесін жасап беретінін айтқан. Ал тарихи кубок музейде тұратыны жайлы айтқан. Алайда кубокты алғаннан кейін кері қайтарылмай, бұл мәселе сол күйі шешімін таппаған еді.

Қазақстан бокс федерациясы әлемдік спорттағы құнды жәдігер саналатын жүлдені қайтару үшін нақты қадамдар жасады. Осылайша, Вэл Баркер кубогы өз иесін қайта тапты. 

Айта кетейік, қазір Бақтияр Артаев Қызылорда облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы қызметін атқарады.