Елордалықтар конькимен жүгіруден қысқы Азиада  жүлдегерлерін қарсы алды

Елордалықтар конькимен жүгіруден қысқы Азиада  жүлдегерлерін қарсы алды
Фото: Elordainfo.kz/ Жансая Таңырқұл

Бүгін Астана халықаралық әуежайына Харбинде өткен Азия ойындарының алғашқы бөлігі оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олардың арасында конькимен жүгіруден командалық спринт жарысынан қола жүлдегерлер Надежда Морозова мен елордалық спортшы Дарья Важенина бар.

«Әлем кубоктарына қатысып жүрмін ғой. Бірақ қысқы Азия ойындарының ауқымы, ұйымдастырылу деңгейі мүлдем басқаша екен. Қолымыздан келгенше, жүлдеге таласып  бақтық. Командалық сайысқа жоспар түзіп едік. Нәтижесінде үшінші орынға тұрақтадық. Қарсыластарымыз да осал емес. Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин-сун мен Қытай спортшысы Хан Мей өткен жылы ғана әлем чемпионатында күміс медаль олжалаған еді», - деді Дарья Важенина.

Фото: Elordainfo.kz/Жансая Таңырқұл

Конькимен жүгіруден Харбин төрінде 14 жүлде сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қоланы иеленді. Қос жүлденің де ерекше маңызы бар. Себебі, Евгений Кошкин күміс жүлде алған 100 метр қашықтық пен әйелдердің командалық жарысында бұған дейін мүлдем жүлде бұйырмаған еді.

«Азия ойындарына тыңғылықты дайындалдық. Қарсыластарымыз да таныс. Жеке жоспарымда 1 алтын және 1 күміс медаль алу болып еді. Алайда 3 000 метр қашықтықта 4-орын алып қалдым. 1 500 метр қашықтықта қобалжып, өзімді толық деңгейде көрсете алмадым. Салдарынан 7-орынға тұрақтадым. Қола жүлдені қанағат етуге тура келеді. Бұнымен жарыс тоқтап қалмайды. Қателіктерімді сараптап, алға қадам жасайтын боламын», - деп Надежда Морозова сөзін түйіндеді.

Айта кетейік, 7-14 ақпан күндері аралығында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында дәл қазіргі сәтте Қазақстан құрамасы 3 алтын, 7 күміс, 5 қоламен жалпы есепте 4-орында тұр.