00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Едіге Емберді: Ересектер арасында үш дүркін Қазақстан чемпионы атандым

18 қараша, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Едіге Емберді: Ересектер арасында үш дүркін Қазақстан чемпионы атандым
Фото: ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен

Ауыр атлетикадан Талдықорған қаласында өтіп жатқан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында Астана қаласының спортшысы, жасөспірімдер және жастар арасында 3 мәрте әлем чемпионы Едіге Емберді топ жарды. Осы орайда 19 жастағы спортшымыз Elordainfo.kz сайтына сұхбат берді.

- Талдықорған қаласында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында топ жаруыңмен құттықтаймыз. Бұндай жетістікке бірінші рет жетіп тұрмаған боларсыз?

- Ересектер арасында үш дүркін Қазақстан чемпионы атандым. Алғаш рет 2022 жылы сәуір айында Қызылорда қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 73 келіде бақ сынап, қос жаттығуда 314 келіні (138+176) бағындырдым. Нәтижесінде күміс жүлдегерден 20 келіге озып, 16 жасымда Қазақстан чемпионы атандым. 2023 жылы да наурыз айында Қызылорда қаласында 81 келіде өнер көрсетіп, қос жаттығуда 333 келіні (145+188) еңсердім. Былтыр соңғы сәтке дейін талас жүріп, Ақмола облысының өкілі Әлішер Байбуровтан жұлқа көтеру сайысында 2 келіге қалып тұрсам да, серпе көтеруде 3 келіге артық көтеріп, жеңісті жұлып алдым. Өздеріңіз білетіндей, бұл спортшы 2022 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанған еді. Ал қола жүлде 3 келіге кем көтерген Денис Улановқа бұйырды. Бұл спортшы 2016 жылы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Ал биыл кішігірім жарақаттарымды толық емдей алмауыма байланысты толық деңгейде ашыла алмадым. Бірақ бұл өз спорттық мансабымда үшінші мәрте Қазақстан чемпионы атануыма кедергісін келтірмеді.

2022 жыл. 73 келі

1-орын. Едіге Емберді – 314 келі (138+176)

2-орын. Владимир Васильев – 294 келі (133+161)

3-орын. Бексұлтан Айтбай – 290 (120+170)

2023 жыл. 81 келі

1-орын. Едіге Емберді – 333 келі (145+188)

2-орын. Әлішер Байбуров – 332 келі (147+185)

3-орын. Денис Уланов – 330 келі (145+185)

2024 жыл. 81 келі

1-орын. Едіге Емберді – 327 келі (147+180)

2-орын. Әлібек Рахымберді (Алматы) – 323 келі (142+181)  

3-орын. Владимир Васильев (Шығыс Қазақстан облысы) – 309 келі (143+166)  

- Қыркүйек айында ғана жастар арасындағы әлем чемпионатында 89 келіде өнер көрсетіп едіңіз. 81 келіге қайта төмен түсу қиын болмады ма?

- Қыркүйек айында Испанияның Леон қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 89 келіде жүлдеге таласқаныммен, таза салмағым 85 келіні құраған. Ал негізі ересектер арасында 81 келіде бәсекелерге қатысамын. Сондықтан ешқандай қиындық тудырмады.

- Бәсекелестік қалай болды? 2023 жылы жасөспірімдер әлем чемпионатында қос жаттығуда 336 келіні еңсеріпсіз. Қазіргі көрсеткішіңіз 327 келіні құрады. Бұған не себеп?

- Жастар арасында әлем чемпионы атанғаныма 2 айға жуық уақыт болды. Қысқа ғана аралықта Қазақтан чемпионаты да келіп қалды. Енді осы көрсеткіштерімді жақсартуға күш салатын боламын. Мақсаттарым биік!

- Келесі айда Бахрейнде өтетін әлем чемпионатына қатысатын спортшылардың тізімінен сізді байқамадық. Бұл сізді бармайды дегенді білдіре ме? Қазақстан чемпионатынан бұрын тізімнің жасақталуын қалай түсінуге болады?

- Иә, ересектер арасындағы Бахрейндегі әлем чемпионатының іріктеуінен өте алмадым. Менің ойымша, әлемдік додаларға жолдама беру мәселесі ресми жарыстарда қарастырылса деймін. Себебі, турнир мен залдағы атмосфера бәрібір басқаша.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!