00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қазақстан құрамасы Азия-Тынық мұхиты ойындарында тағы екі жүлде иеленді

5 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Қазақстан құрамасы Азия-Тынық мұхиты ойындарында тағы екі жүлде иеленді
Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығынан

Малайзияда өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты ойындарының екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы қоржынға бір күміс және бір қола медаль салды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шахматтан командалық блиц ойынында Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Құраманың сапында Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Максим Рожков, Нина Жуковская, Балжан Жұмағазиева және Наталья Горохова өнер көрсетті. Жарыс нәтижесінде бірінші орынды Иран құрамасы, үшінші орынды Үндістан командасы иеленді.

«Шахматтан командалық рапид жарысы қызықты әрі қарқынды өтті. Қазақстан құрамасы үндістандық командаға есе жіберсе, Иран құрамасымен тең түсті. Біздің спортшылар лайықты ойын көрсетті. Алайда жарыс қатысушыларына Малайзияның ерекше климаты қиындық тудырды. Нина Жуковская денсаулығына байланысты өзін жайсыз сезініп, дұрыс ойнай алмады. Азия-Тынық мұхиты ойындарының бағдарламасына шахматтың қосылуы – бұл спорттың дамуына жасалған маңызды қадам. Бүгінгі нәтиже біз үшін маңызды тәжірибе болды. Елге оралған соң, жарыс барысындағы қателіктер мен комбинацияларға талдау жасап, жұмысымызды одан әрі жетілдіреміз», – деп атап өтті шахмат құрамасының өкілі.

Таеквондодан пумсе (жеке бағдарлама) бойынша Мади Сейсенбаев қола жүлдегер атанды. Олжас Рысжанов пен Айжомал Абдикатова төртінші орын иеленсе, жеке есепте Айжомал Абдикатова бесінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар үстел теннисінен ерлер және әйелдер құрамасы командалық ойын түрінде топтық кезеңнен өте алмады, ал бадминтоннан аралас жұптық ойында Қазақстан командасы іріктеу кезеңінен өте алмады.

Айта кетейік, жарыстың бірінші күні шахматтан жекелей сында Қазақстан құрамасы бір алтын және бір күміс жүлдеге ие болған еді. Азия-Тынық мұхиты ойындары 8 желтоқсанға дейін жалғасады.