00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астаналықтар әлем чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Райымбековты әуежайдан күтіп алды

5 қараша, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Астаналықтар әлем чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Райымбековты әуежайдан күтіп алды
фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін астаналықтар бокстан АҚШ-тың Колорадо штатында алғаш рет өткен 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерін әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2023 жылы жаңадан құрылған World Boxing ұйымы биыл АҚШ елінде 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионатын ұйымдастырып, әлемнің 30 елінен 178 боксшының басын қосты.

Қазақстанның атынан 4 боксшы сынға түсіп, 2 күміс жүлде жеңіп алды. Оның арасында 85 келіде жұдырықтасқан елордалық Даниял Райымбеков бар. Ол финалдық жекпе-жекте Уэльс өкілі Дэниэл Питтен есе жіберді.

«Бұл менің халықаралық деңгейдегі екінші жарысым. Бұған дейін Сербия еліне барған едім. Бұл чемпионатқа іріктеу оқу-жаттығу жиынында жүргізіліп, нәтижесінде АҚШ-қа бару бақыты бұйырды. Эмоциямды айтып жеткізе алмаймын.  Психологиялық және спорттық тәжірибе жағынан үлкен сабақ болды. Енді қателіктермен жұмыс істеп, Ақтау қаласында өтетін ел чемпионатына дайындығымды пысықтаймын», - деді Даниял Райымбеков.

Айта кетейік, кеше Қазақстанның бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанған болатын.

Енді Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге ниетті.