«Үлкен сабақ болды»: Мешіттегі оқиғада қызды кінәлаған Рүстем Жүгінісов халықтан кешірім сұрады


Белгілі әнші Рүстем Жүгінісов Ақтөбе мешітінде болған оқиғаға қатысты желідегі айтқан пікірі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Соңғы күндері тарап жатқан менің жазбаларыма байланысты түсініктеме бергім келеді. Бірінші сторисымда айтқанымдай, бұл жағдайда толықтай ер-азаматтың жасағаны қате. Бұл – айқын. Дінімізде де «біркүндік неке» деген түсінік жоқ екенін нақты тағы айтқым келеді.
Ал екінші стористе, өкінішке қарай, өз ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Ойлана келе, сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөзімде қаттылыққа жол беріп, ойымды дұрыс жеткізе алмағанымды түсіндім. Бұл менің тарапымнан кеткен үлкен қателік екенін мойындаймын», - деп жазды әнші.
Рүстем Жүгінісов жазбасында қыз-келіншектерді әрқашан қолдайтынын айтты.
«Біз зайырлы елде тұрамыз. Әр адамның өз таңдауы бар. Ешкімді белгілі бір көзқарасты ұстан деп мәжбүрлеу ойымда болған емес. Мен әр адамның шешімін сыйлаймын және құрметтеймін.
Негізі бұл мәселені қозғағанда, ең алдымен қауіпсіздік жағын ойлаған едім. Иә, мен де қыз бағып отырған әкемін. Мен де қыздарымды уайымдаймын. Кеш бата көшеде түрлі қауіп төндіретін ер азаматтар, яғни мас күйдегі адамдар, есірткі әсеріндегі немесе психикалық жағдайы тұрақсыз азаматтар кездесуі мүмкін. Мен тек сол қауіптерден қорғаштап, қарындастарымды уайымдағандықтан, эмоциямен айтып қойдым. Иә, жеткізу формасынан қателік кеткені рас. Бірақ, менің ниетім ешқашан ару жандарды кінәлау болмаған.
Мен қыз-келіншектерді әрқашан қолдаймын. Себебі олар біздің қоғамның негізі мен тірегі. Зорлық-зомбылық, алдау, пайдалану, мұның бәріне әйел емес, ер адамдардың кінәсі бар толықтай рас. Сондықтан ең алдымен өзгеріс те, жауапкершілік те ер-азаматтардан басталуы қажет. Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды. Айтылған әр пікірді қабылдап жатырын. Қарындастарым, әпкелерім, сіздерді ренжітіп алсам шын жүректен кешірім сұраймын»,- деді ол.
Еске сала кетейік, жақында әлеуметтік желіде Ақтөбедегі мешіттердің бірінің ауласында ер адамның жасөспірім қызға қырындаған сәті түсірілген видео тарады. Бүгінде ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Оқиғаға қатысты Рүстем Жүгінісов «Қыз бала немесе әйел адам мешітке ағасымен немесе күйеуімен бірге келуі керек» деген пікір білдірді. Танымал продюсер Баян Алагөзова әншінің айтқан пікірін сынға алды.



