Актёр Еркебұлан Тоқтар көптің талқысына түскен видеоға қатысты пікір білдірді


Бұл туралы ойын актер өзінің Instagram-дағы желісінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Актёр Еркебұлан Тоқтар бұған дейін «әркім өзінің жұмысын білсін, билікте шаруасы болмасын» деген ойын бөліскен еді.
Бұл пікірі желі қолданушыларына ұнамай қалып, олардың басым бөлігі өнер иесін сынап тастады.
Жақында Еркебұлан Тоқтар дауға ұласқан пікіріне қатысты ойын тарқатты. Ол мемлекеттік қызметте істемейтінін, қазіргі күніне жету үшін сан қилы сынақтан өткенін айтты. Кезінде танымал актёрдың кредит пен қарыздан көз ашпағаны соншалық, автобуспен жүруге ақшасы болмапты.
«Журналист тоқтатып, сұрақ қойды. Ол сұраққа жауап бердім, өз ойымды айттым, жақсы да, жаман да пікірлер жазылды. Жаман пікір жазғандардың көбі мені «үкіметтен қорқады» деп жазды. Мен үкіметтің жұмысында істемеймін, үкіметтің киносына түсіп жатқан жоқпын, үкіметтің ақшасын алып отырған жоқпын. Сондықтан үкіметтен қорықпаймын. Мен қорықсам, бұқараға не ұнаса, соны айта салар едім. Бірақ мен шынайы азаматтық ойымды айттым. Анау кінәлі, мынау кінәлі демей, өзім өзгерте алатын нәрсені өзгертуге тырыстым. Егер жол ережесін бұзбасаң, айыппұл алмайсың, мен ҚҚС деп айғайлағаннан шаруа шешіле қоймайды. Сол үшін өзім білетін нәрсемен айналысамын, өзім білмейтін нәрсеге мұрын сұқпаймын. «Өзгерте аламын-ау» деген нәрсені өзгертіп жүрмін», – деп ақталды киножұлдыз.



