00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Сенаторлар республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қарады

5 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Сенаторлар республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қарады
Фото: parlam.kz

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сенат отырысына Үкімет мүшелері, Ұлттық Банктің және Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады.

2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң экономиканың өсу қарқынының төмендеу тәуекелдері жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру, сондай-ақ осы жылы республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатымен республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгеруіне байланысты дайындалды.

«Бұл құжат қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды, мемлекеттік саясаттың басымдықтарын және ағымдағы сын-қатерлерді ескере отырып әзірленді. Аталған заңды мақұлдау мемлекеттің азаматтар алдындағы міндеттемелерін толық орындауды, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауды және негізгі стратегиялық бастамаларды одан әрі іске асыруды қамтамасыз етеді. Осылайша, бәріміз бірлесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындап берген міндеттерді тиімді әрі нәтижелі іске асырамыз деп сенемін», – деді Сенат төрағасы.

Заң нормаларын талқылау барысында депутаттар бюджеттің кіріс бөлігінің төмендеуіне, іскерлік және инвестициялық белсенділікке, валюта бағамының өзгеруіне қатысты мәселелерді көтерді. Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалануға және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыруға да ерекше назар аударылды.

Сенаторлар заңның жаңа нормаларын концептуалды тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар түзету енгізді. Олар – жоспардан тыс тексеруді тағайындау негіздеріне және тексеруші мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттерін белгілеуге қатысты мәселелер. Бұл заң нормаларын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру үшін маңызды екенін атап өткен жөн. Жаңа түзетулер енгізілген заң Мәжіліске жіберілді.