Мас күйінде көлік жүргізетіндерге айыппұлды қамауға алуға ауыстыру керек – заңгер


Сенат депутаты Марат Қожаев ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін айыппұлды төмендету туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Депутаттың бұл ұсынысына орай Elordainfo.kz тілшісі заңгер пікірін сұрап-білген болатын.
«Айыппұлды төмендету керек деп санаймын. Себебі бірқатар қалталылар болмаса, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен. Айыппұлды төлеу өте қиын болған соң, оған іліккендердің көпшілігі төлемеместен-ақ қашып жүреді. Менің ойымша, оларға айыппұл салудан гөрі қамауға алған дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, АҚШ-тың кейбір штаттарында мас күйінде ұсталған автокөлік жүргізушісі бірінші рет ұсталса, 30 күнге қамауға алынады екен. Ал кейбір штаттарында 6 айға дейін оқшауланады деген мәлімет бар. Бір ескерерлігі, кейбір мемлекеттерде қандағы алкогольдің пайыздық мөлшеріне қарайды. Мәселен, АҚШ-та жүргізушінің қанында алкогольдің 0.08 пайыз мөлшері анықталса, оны ешқандай жауапкершілікке тартпайды. Ал Мысыр елінде алкогольдің мөлшері 0.05 пайыздан аспауы қажет. Мұндай шектеулер басқа мемлекеттерде де бар.
Жеке пікірімше, мұндай жағдай бірінші рет болып отырса, қандағы алкогольдің мөлшерін ескере отырып, жүргізушіні 30 күн қамауға алу керек. Ал екінші рет қайталанса, алкогольдің мөлшеріне де қарамауға болады, ондай жағдайда 6 айға дейін қамауға алса да артық етпейді», - деді заңгер Айман Омарова.
Заңгердің пікірінше, бұл шешім қоғам үшін өте маңызды. Өйткені мас күйінде көлікке отыратындар елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді.



