Назипа Шанаи: Қазақстан – әлемдік өркениетте бірлік формуласын тапқан мемлекеттердің бірегейі


ҚХА Аналар кеңесі төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назипа Шанаи 1 мамыр –Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Назипа Ыдырысқызының айтуынша, еліміз бірлік формуласын тапқан мемлекеттердің бірегейі болып саналады.
«Елімізде 1996 жылдан бастап 1 мамыр – Бірлік күні аталып келеді. Жалпы бірлік деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Әлемдік өркениетте қай мемлекет құрылса да, оның басшысы сол елдің басын біріктіретін бірлік формуласын іздейді. Қазақстан әлемдік өркениетте бірлік формуласын тапқан мемлекеттердің бірегейі болып саналады. Себебі біздің ел сияқты 100-ден астам ұлттың басын біріктіріп, бейбіт өмір сүріп жатқан елдер аз. Бірлік – барша мемлекеттің дамуының бастауы», - деді Назипа Шанаи.
ҚХА Аналар кеңесі төрайымы бірлік әр отбасынан басталатынын атап өтті.
«Біз үшін бірлік дегеніміз ең алдымен өз отбасымыздан басталады. Отбасындағы ауызбіршілік әлеуметтік қоғамда өте маңызды. Мысалы өз отбасында татулық пен жақсылық туралы көп естіп өскен бала міндетті түрде досына адал, көршісіне сыйлы, қоғамшыл, отаншыл азамат болып өседі. Бүгінгі таңда әлемде геосаяси жағдай күрделеніп тұрған уақытта бірлік бірінші орынға шығып отыр. Еуропадан бізге келген толеранттылық деген ұғым адамдардың бір-біріне құрметпен қарауы, отбасында үлкен мен кішінің сыйластығын көрсетеді. Елімізде әр әке парасатты болса, әр ана мәдениетті болса, әр баланың ұлттық санасы қалыптасқан болса, бірлігіміз сақталады. Барша қазақстандықтарды Бірлік күнімен құттықтай отырып, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ тілеймін», - деді Назипа Ыдырысқызы.



