Ел мүддесіне қастық ойлаған адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек - Президент

Бүгін, 12:42
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ел мүддесіне қастық ойлаған адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек - Президент
Фото: Ақорда

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Тағы бір мәселе. Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ.

Мен көп жағдайда «Бұл қиындық та артта қалады» деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Баршаңызға мәлім, Заң мен тәртіп – менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де – осы», - деді Президент.