Президент Жетісу облысындағы мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар тарту етті

13 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Президент Жетісу облысындағы мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар тарту етті
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ескелді би ауылында биыл пайдалануға берілген мәдениет үйі мен спорт кешенінің ғимараттарын аралап көрді.

Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 150 орындық мәдениет үйінде кітапхана, әжелер мен домбырашылар ансамбльдері, би үйірмесі секілді ұжымдар орналасқан.

Мемлекет басшысы ауыл кітапханасымен танысты. Сондай-ақ өнерпаз балалармен жүздесіп, еліміздің лайықты азаматы болып өсуіне тілектестік білдірді.

Президент мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар мен суретші Ә.Баяндиннің картинасын тарту етті.

Биыл облыстың шалғай ауылдарындағы бес мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, сегіз клуб жаңадан салынған.