Шерзат ісі: судья Ержан Жанұзақов істі жалғастыратын болды

28 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Шерзат ісі: судья Ержан Жанұзақов істі жалғастыратын болды
фото: t.me/Jogargy_sot

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша түске дейінгі сот отырысында айыпталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа қарсы шағым түсірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Үзілістен кейін қайта жалғасқан сот отырысына судья Асқарбек Бейімбетов төрағалық етіп, қорғаушының шағымын қарастырды.

«Осы іске төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа келтірілген қарсылыққа байланысты қорғаушы Ж.Әбеновтың қарсылығын қарауға келдім»,- деді судья Асқарбек Бейімбетов.

Айыпталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы сот отырысында судьяға қарсылық себебін түсіндірді. 

«Бүгін сараптама материалдарын қарастырған кезде ішінде олқылықтар болды. Соған байланысты біз эксперттерді шақырып, жауап алуды сұрадық.  Сот қарсы болды. Сондықтан мен соттың бұл істі қарауына қарсылық білдірдім»,- деді қорғаушы.

Аталған шағымды судья Асқарбек Бейімбетов негізсіз деп тапты. Осылайша судья Ержан Жанұзақов істі өзі жалғастыратын болды.