Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта екінші куәгер жауап берді


Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде екінші куәгер Дана Жақсыгелді жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол 1999 жылы туған, Талғар қаласының тумасы, орта білімді, ажырасқан, қазір жұмыс істемейді.
Куәгердің айтуынша, оларды Равиль есімді азамат Талғардағы «Эйфория» кафесіне шақырған.
«Біз құрбым Эльмира Нұрбековамен бірге бардық. Түнгі сағат он екілер шамасында үйге қайтуға ниеттендік. Нұрқияс бізді жеткізіп тастайтынын айтты. Көлікке Нұрқияс, мен, Эльмира, Равиль бар, Шыңғыс жүргізуші орнына және көліктің алдында Азамат отырды. Жолдан «Қамажай» дүкеніне тоқтадық. Дүкеннің алдында топ бала тұрды. Нұрқиястар олармен сөйлесіп келу үшін көліктен түсті. Олар түскен соң 1-2 минуттан соң біз темекі алу үшін дүкенге кірдік. Бірақ сатушылар бізге темекі сатудан бас тартты. Сыртқа шыққанымызда ерегіс басталып кеткенін көрдік, - деді Дана Жақсыгелді сотта.
Оның сөзінше, көліктің артқы жағына кеткен кезде оқ атылған.
Ұзын бойлы, сақалды жігіт алдымен аспанға, кейін біз жаққа қарай екі рет оқ атты. Одан кейін төбелес жолдың қарсы бетіне ауысты. Мен қатты қорқып, көлікке отырдым, - деп түсіндірді куәгер.
«Сіз жанжалды болдырмау үшін нақты қандай әрекет жасадыңыз?», «Полицияға, жедел жәрдемге неге хабарласпадыңыз?» деген мемлекеттік айыптаушының сұрағына куәгер «Қайтайық, төбелеспеңдер» дегенін айтты. Бірақ, оның айтуынша, оқ атылған соң өз өмірі үшін қорқып, көлікте отырып қалған.



