Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өліміне кінәлілер жазаланды

Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық сотта Костенко шахтасында болған жарылысқа байланысты қылмыстық іс қаралды. Бұл іс бойынша 10 адамға айып тағылған, деп хабарлады Elordainfo.kz аудандық сотқа сілтеме жасап.
Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі бойынша – тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне, сондай-ақ басқа адамдардың денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін айып тағылды.
Шахтада түрлі басшылық лауазымдар атқарған 10 қызметкер – директор, оның орынбасарлары, бас инженерлер мен учаске басшылары – жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамаған. Олар өндірістегі және өрт қауіпсіздігі, еңбек қорғау, санитарлық және кәсіби денсаулық салаларындағы талаптарды бұзып, жауапкершіліктеріне салғырт қараған.
Осы салғырттықтың салдарынан шахтада көмір шаңы тұтанып, жарылыс болды. Жарылыстың соққы толқыны мен көмірқышқыл газының әсерінен 46 кенші қаза тауып, 26 кенші әртүрлі деңгейде жарақат алған.
Сот тергеуі кезінде олардың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың көрсетілімдерімен, сараптама қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.
Қылмыстық кодекске сәйкес бұл бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот залалдың ауырлығын, жәбірленушілердің пікірін және істегі ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, барлық сотталушыға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
М.-ға 8 жыл мерзім тағайындалды; Е., Г., К.-ға –7 жыл; Г.-ға – 6 жыл 6 ай; Ф., К., П.-ға –6 жыл; Ш. және Г.-ға –5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, барлығы 3 жыл мерзімге тау-кен өнеркәсібінде басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.



