Еліміздің қай өңірлерінде қылмыс көп жасалатыны анықталды
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде көп қылмыс жасалатын өңірлер анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, елімізде қылмыс 5,3%-ға азайған.
Қылмыс деңгейі Маңғыстау облысында 12,2%-ға (3 097-ден 3 474-ке), Атырау облысында 8,5%-ға (4 283-тен 4 647-ге), Павлодар облысында 5,6%-ға (5 039-дан 5 322-ге), Қызылорда облысында 4,6%-ға (2 871-ден – 3 003-ке), Ұлытау облысында 2,8%-ға (1 278-ден 1 314-ке), Алматы облысында 1,6%-ға (10 223-тен 10 385-ке) және Ақмола облысында 0,7%-ға (5 084-тен 5 120-ға) дейін байқалған.
Ең көп қылмыс Алматы – 24 965 (18,8%) және Астана қалаларында – 17 339 (13,1%), Алматы – 10 385 (7,8%) және Қарағанды – 7 562 (5,7%) облыстарында жасалған.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санынан 34% алаяқтық (45 156), 23% – ұрлық (30 593), 6,3% – есірткі қылмысы (8 363), 1,2% – тонау (1 551), 1,2% – бұзақылық (1 615), 0,8 % – мал ұрлығы (1 051), 0,4% – адам өлтіру (566), 0,3% – зорлау (421), басқа құқық бұзушылықтар 32,7% (43 462). Онша ауыр емес қылмыстар – 7,6%-ға (21 826-дан 20 178-ге), ауырлығы орташа қылмыстар – 16,8%-ға (58 874-тен 48 992-ге) және ауыр – 2,2%-ға (37 548-ден 36 736-ға) төмендегені байқалады, - делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар ұрлық – 28,3%-ға (42 639-дан 30 593-ке), оның ішінде ұялы телефон ұрлығы – 30,9%-ға (10 530-дан 7 273-ке), пәтер ұрлығы – 33,5%-ға (3 566-дан 237-ге), көлік ұрлығы – 42,2%-ға (258-ден 149) төмендеген. Сондай-ақ мал ұрлығы да 30,9% (1 520-дан 1 051-ге) азайған.