Батыс Қазақстан облысында бостандыққа шыққан педофилге әкімшілік қадағалау белгіленді


Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы прокуратурасы жазасын өтеген адамдарға әкімшілік қадағалау орнату бойынша қабылданған шараларға талдау жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Әкiмшiлiк қадағалау қайталануы мүмкін қылмыстың алдын алу нысаны болып табылады. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың тарапынан істелетін құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында олардың мiнез-құлқын байқауды судьяның қаулысы негiзiнде iшкi iстер органдары жүзеге асырады.
Талдау барысында кәмелетке толмаған баланың қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеген адамға 7 жылдан астам әкімшілік қадағалаудың не үшін орнатылмауының фактісі анықталды.
2009 жылдың қарашасында Қаратөбе аудандық сотының үкімімен жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Ол 2017 жылдың тамыз айында бас бостандығынан айыру орындарынан босаса да, оған әкімшілік бақылау орнатылмаған.
«Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы» Заңның 6-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік қадағалау алты айдан үш жылға дейінгі мерзімге, ал кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн жазасын өтеген адамдарға қатысты – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабына сәйкес сотталғандық мерзімі өтелгенге дейін белгіленеді.
Аталған тұлға аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандықтан, оның соттылығы жазасын өтегеннен кейін сегіз жылдан кейін ғана жойылады», - делінген хабарламада.
Қаратөбе ауданы прокуратурасының ұсынуы бойынша сотқа өтінішхат жолданып, 2025 жылы 10 ақпанда жоғарыда аталған азаматқа әкімшілік қадағалау белгіленіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында оған заңмен белгіленген шектеулер қойылды.



