Құрылыс компанияларының тұрғын үй бағасын көтеріп жібермеуі бақылана ма – Бақытжан Базарбек

9 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Құрылыс компанияларының тұрғын үй бағасын көтеріп жібермеуі бақылана ма – Бақытжан Базарбек
Фото: видеодан скриншот/ҚР Парламенті Мәжілісі отырысы

Депутат Бақытжан Базарбек мәжіліс отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге осылай деп сұрақ қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жаңа Салық кодексі жобасындағы тұрғын үй құнын тұрақтандыру мақсатында құрылыс салушылар үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктерді алып тастауды қолдаймын.  Бірақ біз 23 жыл бойы құрылыс салушыларды қолдап келдік. Субсидиялап келдік. Оларды ҚҚС-тан босаттық. Халық үшін, тұрғын үй бағасы төмендеуі үшін. Бірақ іс жүзінде баспана бағасы 21 рет көтерілді. Қазір қарапайым халықтың үй сатып алуға шамасы жетпейді. Сонда біз 23 жыл бойы оларды неге қолдап келгенбіз? Олар одан сайын байып кетуі үшін бе? Қарап тұрсаң, олардың біреуі Forbes тізіміне енген, біреулері шетелге қомақты қаражат шығарып үлгерді. Ал енді біреулері үлескерлерді «лақтырып» кетті. Сондықтан олардың ендігі жағдайда тұрғын үй бағасын көтеріп жібермеуіне кім кепіл? Осыны бақылайтын құрал бар ма?» - деді депутат.

Бұған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұрғын үй бағасының қымбаттамауы үшін бақылау қойылатынын, мұнымен айналысатын арнайы агенттік бар екенін айтты.

Құрылыс салушы компаниялар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа ережемен жұмыс істейді.