Асхат Маемиров: Көрермендердің ықыласының біздің театрға ерекше болуы – рухани өзегінде


Халықаралық театр күніне орай Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировпен өзі басқарып отырған театр туралы сұхбаттасты.
«Құрылғанына бес жылдай болған біздің Музыкалық жас көрермендер театры осы 5 маусымның ішінде көрермендердің көзайымына айналды. Көрермендердің ықыласының дәл осы біздің театрға ерекше болуы – рухани өзегінде. Бірінші кезекте, бұл – театрдағы шығармашылық ұжымның жанкешті еңбегі. Жаңашылдыққа құштар жастардың ой-қиялынан туған «Гауһартас», «Қоштасқым келмейді», «Шәмші», «Абай-Тоғжан», «Махаббат бар ма?» секілді қойылымдардың барлығында жастық арман мен жігер жатыр. Сондықтан осы бір асқақ арманға, үлкен үмітке толы қойылымдарды көруге негізінен жас буын, яғни студенттер мен жастар келеді. Біздің мақсат – көрерменнің рухани сұранысына жауап беру, эстетикалық талғамын арттыру, көзқарасын көркемдік тың дүниелермен одан сайын баурау», - деді театр басшысы.
Ол осы бағытта алға қойған жоспары көп екенін айтты.
«Топ бастап келе жатқан жастарымыз театр ғана емес, кино саласында да еңбек етіп жүр. Сондықтан театрдың жетекші актерлары Самал Еслямова, Асхат Мұса, Аян Өтепберген, Оразалы Игілік, Инабат Ризабекқызы, Асылхан Төлепов, Қазыбек Есқара, Ернар Мұхамбет, Дінислам Нұрмағамбетов, Әлішер Исмаилов секілді талантты актерларымыздың өз көрермені бар», - деді «Құрмет» орденінің иегері.
Театр ұжымы сәуір айында аймақтарға гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отыр.
«Дәстүр сабақтастығын арқау еткен «Абай-Тоғжан», «Қыз Жібек» қойылымы бір жағынан қазақтың фольклорын, мәдениетін, ұлттық болмыс-бітімін тануға себепкер болса, «Қоштасқым келмейді», «Үнсіздік» перфомансы, «Жылы орын», және тағы басқа қойылымдарымыз өнердегі жаңашылдықтардан, тәжірибелерден туған қойылым болып есептеледі. Жақында Бурабайда өткен құрылтайдың төртінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардағы облыстық, қалалық деңгейдегі театрларға көңіл бөлу туралы айтты. Сондықтан біз сәуір айының алғашқы онкүндігінде Орал, Ақтөбе қалаларына гастрольдік сапармен барамыз. Мұндағы мақсат – аймақтардағы театр ұжымдарымен әріптестік-шығармашылық байланысты одан сайын дамыту», - деді Асхат Маемиров.
Сондай-ақ театр басшысы өнерсүйер қауымды бүгінгі мерекемен құттықтады.
«Өнерсүйер қауымды, әріптестеріміз бен сүйікті көрерменді 27 наурыз - Халықаралық театр күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Театр — халықтың рухани қазынасы, ұлт құндылығы. Қай кезде де киелі сахнаны жанына серік еткен өнер адамдарының ел үшін орны ерекше. Тарихты да, махаббатты да, қуаныш пен қайғыны да, жасампаз ойларды да көрермен қауыммен тілдестіретін театр әртістерінің еңбегі ұшан-теңіз екені сөзсіз. Мемлекетіміздің рухани мәртебесін асқақтату, алға қойған мақсаттарымыз жүзеге асуы жолында аянбай еңбек ете беруіміз керек! Әріптестерімнің өз қойылымдарымен көрермен жүрегіне жол тауып, толағай табыстар мен биік шыңдарды бағындыра беруіне тілекшімін. Шығармашылыққа жетелер шабыттарымыз еселеніп, жеңісті күндеріміз көп болсын!», - деді Асхат Маемиров.



