Талапқа сай келмейтін 9 жолаушы вагонын пайдалануға тыйым салынды
Жолаушылардың қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін 9 жолаушы вагонын пайдалануға уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлікке қарасты Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық инспекциялары жыл басынан бері 280 жолаушы пойызын тексерген.
«Тексеру барысында жолаушы тасымалдау қағидасын бұзуға қатысты 569 дерек тіркелген. Билетсіз жүрген 88 жолаушы, сондай-ақ рәсімделмеген 1 308 келі жүк анықталды», делінген хабарламада.
Тексеру барысында вагонның техникалық жағдайы, сервистік қызмет көрсету сапасы, сондай-ақ мүгедектер мен жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуына ерекше назар аударылды.
Еске сала кетсек, елімізде 2030 жылға қарай пойыздарда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнайы вагондар қосылады.