Шетел азаматы ұшақта елордалықтың 3,6 мың долларын ұрлап алған

Шетел азаматы ұшақта елордалықтың 3,6 мың долларын ұрлап алған
Фото: ІІМ Көліктегі полиция департаменті

Астанада көлік полицейлері ірі көлемдегі ақша ұрлады деген күдікпен шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көліктегі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасына 41 жастағы елорда тұрғыны арызданды. Ол «Чунцин – Бейжің – Астана» бағыты бойынша транзиттік рейспен Астанаға ұшып келгеннен кейін 3 600 долларының жоғалғанын байқап, оқиғаның мән-жайын анықтауға көмек сұраған.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша, жедел-іздестіру барысында көлік полицейлері күдіктіні ізін суытпай анықтап ұстады. Ол арызданушымен бір рейспен ұшып келген және оның артында отырған шетел азаматы болып шықты.

«Күдікті елорда қонақүйлерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақша қаражаты, оның ішінде ұрланған 3 600 АҚШ доллары толық көлемде тәркіленді. Ұсталған адам кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деді Теміржан Рамазанов.

Ұрланған ақша заңды иесіне толық көлемде қайтарылды.

Бұған дейін де көлік полицейлері осыған ұқсас құқық бұзушылық жасады деген күдікпен екі шетел азаматын анықтап, ұстаған. Қазіргі уақытта аталған іс соттың қарауында.

Еске салсақ, Алматы облысында жанжал кезінде көлікке оқ атқан күдіктілер ұсталды.