Туризм саласындағы жаңа талаптар: кәсіпкерлер нені білуі керек

Бүгін, 14:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Туризм саласындағы жаңа талаптар: кәсіпкерлер нені білуі керек
Фото: Magnific.соm

Қазақстанда туристік бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ал 2026 жылдың тамыз айында осы қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Олардың негізгі мақсаты – бизнеске қойылатын талаптарды нақтылау, рәсімдерді жеңілдету және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету.

«Kids Go Free» бағдарламасы бойынша: туристік өнімді ішкі туризм саласындағы туроператорлар қалыптастыруы тиіс. Туристік өнім құрамына кәмелетке толмаған жолаушының бару және қайту ұшуларын қамтитын эконом-кластағы әуе тасымалы, сондай-ақ туристерді орналастыру орындарында кемінде екі түн болу қызметі енгізіледі.

Келу туризмі бойынша: шетелдік турист Қазақстанда кемінде 6 түн болған жағдайда туроператорға әрбір турист үшін 15 мың теңге субсидия төленеді. Бұл шара шетелдік туристердің елімізде болу мерзімін ұзартуға және өңірлердегі туристік қызметтерге сұранысты арттыруға бағытталған.

Туристік инфрақұрылым бойынша: қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары сақталды. Тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен жабдықтарды, сондай-ақ туристік автобустарды сатып алуға жұмсалған шығындардың 25%-ы өтеледі. Ал жол бойындағы сервис объектілерін, туристерге арналған танымдық орталықтарды және туристерді орналастыру орындарын салуға жұмсалған шығындардың 10%-ы өтеледі.

Санитариялық-гигиеналық тораптарға ай сайын берілетін 83,3 мың теңге көлеміндегі субсидия сақталды. Сонымен қатар олардың тұрақты жұмыс істеуіне және көрсетілетін қызмет сапасына мониторинг жүргізіледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс – басым туристік аумақтарды өңірлердің өздері айқындай алады. Бұл әр өңірдің ерекшелігі мен туристік әлеуетін ескере отырып, перспективалы аумақтарды дамытуға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ішкі туризм көлемі 84,4%-ға өскені туралы жаздық.