Алматы қаласындағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында «Өкпе туберкулезі кезіндегі робот-ассистентті хирургия: заманауи технологиялар мен хирургиялық тәсілдер» атты халықаралық шеберлік сабағы өтті. Іс-шара робот-ассистентті торакалдық хирургияның заманауи технологиясына арналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шеберлік сабағында ғылыми орталықтың директоры Мәлік Әденов заманауи хирургиялық технологияларды дамытудың, кәсіби тәжірибе алмасудың және мамандандырылған медициналық көмекті жетілдірудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Шеберлік сабағының халықаралық сарапшылары ретінде Қытай Халық Республикасының өкілдері қатысты. Олар – Харбин медициналық университеті жанындағы онкологиялық аурухананың торакалдық хирургия бөлімінің меңгерушісі, профессор Сюй Шидун (Xu Shidong) және осы медициналық мекеменің торакалдық хирургі, доктор Фэнхай Жэнь (Fenghai Ren).
Шетелдік сарапшылар мен орталық мамандары хирургиялық консилиум өткізді. Оған торакалдық хирургтер, анестезиологтер, бронхологтер және басқа да медицина қызметкерлері қатысты. Мамандар клиникалық тәсілдер мен хирургиялық араласуды жоспарлаудың ерекшелігін талқылады.
Шеберлік сабағының негізгі бөлігі роботтың көмегімен екі хирургиялық операция жасаумен ерекшеленді. Атап айтқанда, оң жақ өкпенің жоғарғы бөлігін және сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін алып тастау бойынша жоғарғы лобэктомия операциялары орындалды.
Қазақстанда алғаш рет өкпеге роботтың көмегімен жасалған операциялар отандық торакалдық хирургияның дамуы мен жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізудегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – озық технологияларды меңгерумен ғана шектелмейтін, заманауи медицинаның мүмкіндігін кеңейтуге, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және пациенттер үшін инновациялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Хирургия шара барысы конференц-залдағы тікелей эфирде көрсетілді. Бұл қатысушыларға операциялардың негізгі кезеңін бақылауға және торакалдық хирургияда роботтандырылған технологияларды практикалық қолданумен танысуға мүмкіндік берді. Білім беру бағдарламасына онлайн форматта 20-ға жуық адам қосылды.