Астанада робот иттер қоғамдық қауіпсіздікті бақылай бастады

Астанада робот иттер қоғамдық қауіпсіздікті бақылай бастады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзудың алдын алу үшін төрт робот ит қолданыла бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта робот иттер адам көп шоғырланатын сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда жұмыс істеп, полиция қызметкерлеріне қоғамдық кеңістіктердегі жағдайды бақылауға көмектесіп жүр.

Робот иттер жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған бейнекамера арқылы айналадағы жағдайды бақылап, бейнеақпаратты нақты уақыт режимінде тікелей Жедел басқару орталығына жеткізеді. Бұл полиция қызметкерлеріне қоғамдық орындардағы ахуалды жедел бағалап, қажетті жағдайда тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Технологияның маңызды мүмкіндігінің бірі – іздеуде жүрген адамдарды анықтауға көмектесу. Робот иттерге интеграцияланған жасанды интеллект жүйесі бет-әлпетті сәйкестендіреді. Сәйкестік анықталған жағдайда Жедел басқару орталығына автоматты түрде дабыл хабарламасы жіберіледі.

Бұл технология полицияның жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, іздеудегі адамдарды анықтау жұмысына қосымша қолдау көрсетеді.

Еске сала кетсек, Қазақстанда алғаш рет роботтың көмегімен өкпеге операция жасалды.