Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі аясында соңғы екі жылда пациенттер мен олардың отбасыларына 502,6 млн теңгеден астам сақтандыру төлемі жасалды. Қазір 178 мыңнан астам медицина қызметкері сақтандыру жүйесімен қамтылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылғы қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы» заң күшіне енді.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 178 296 медицина қызметкері сақтандырылған. Оның 155 856-сы мемлекеттік, 22 440-ы жекеменшік медициналық ұйымдарда еңбек етеді. Биыл жыл басынан бері медициналық ұйымдар 1 867 сақтандыру шартын жасасқан.
Бұл тетік медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені расталған жағдайда сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медицина қызметкерлері кәсіби жауапкершілікке байланысты қаржылық тәуекелдерден қорғалады.
Егер пациент немесе оның заңды өкілі медициналық көмек көрсету барысында өмірі мен денсаулығына зиян келтірілді деп есептесе, медициналық ұйымға жүгінуге құқылы.
Мұндай жағдайды тәуелсіз сараптама комиссиясы (ТСК) қарайды. Оның құрамына бейінді мамандар, кәсіби медициналық қауымдастықтардың және Бірыңғай сақтандыру пулына қатысушы сақтандыру ұйымының өкілдері кіреді. Бұл ретте жағдай орын алған медициналық ұйымның қызметкерлері комиссия құрамына енгізілмейді.
Комиссия медициналық құжаттарды және медициналық көмек көрсету жағдайларын зерттейді. Егер сақтандыру жағдайы расталса, сақтандыру төлемін заңнамада белгіленген тәртіппен сақтандыру ұйымы пациентке немесе оның заңды өкіліне төлейді.
Бұл ретте пациент келтірілген зиянды медицина қызметкерінен тікелей өндіріп алуға міндетті емес.
Сақтандыру медицина қызметкерлері үшін де қаржылық қорғау тетігі болып саналады. Ол медициналық ұйымның қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал сақтандыру жағдайы туындаған кезде белгіленген шектерде төлемді сақтандыру компаниясы жүргізеді.
Осылайша, жүйе пациентке расталған зиян үшін заңда белгіленген тәртіппен өтем алуға, ал медицина қызметкеріне келтірілген зиянды өз қаражаты есебінен өтеу тәуекелінен қорғануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанда 3,8 мың дәрі-дәрмектің бағасы төмендегенін жаздық.