Астанада Республика күніне орай «25 қазан – 25 шақырым» онлайн-марафоны өтеді

13 қазан, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Республика күніне орай «25 қазан – 25 шақырым» онлайн-марафоны өтеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада Республика күніне орай Астана әкімдігі мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы қазақстандық AI SPORT технологиялық платформасымен бірлесіп, «25 қазан – 25 шақырым» атты ерекше онлайн-марафон ұйымдастырады. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Онлайн-марафонның басты ерекшелігі – қатысушылар үшін ортақ маршрут пен бастапқы орынның болмауы, сондай-ақ барлық қашықтықты бірден жүріп өту міндеттелмейді. Қатысушылар күн сайын қай жерде, қай уақытта және қанша шақырым жүретінін немесе жүгіретінін өздері таңдай алады. Бұл саябақтағы таңғы жүгіру, кешкі серуен немесе қаладағы күнделікті жаяу жүретін бағыт болуы мүмкін. Басты шарт – жеті күн ішінде жалпы 25 шақырымды бағындыру.

«Бүгінде цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл дене шынықтыру мен спорт саласына да қатысты. Онлайн формат елорда тұрғындарына спорттық іс-шараларға олардың өтетін орны мен уақытына қарамастан қатысуға мүмкіндік береді.

Марафонның басты ерекшелігі – әркім өзінің дене белсенділігін өз бетінше жоспарлай алады. Барлық 25 шақырымды бір күнде жүгіріп өту міндетті емес: қашықтықты марафонның бүкіл кезеңіне бөліп, өзіне қолайлы қарқын мен жүктемені таңдауға болады. Біз Астана тұрғындарының мүмкіндігінше көбі осы бастамаға қосылып, Республика күнін денсаулыққа пайдалы іспен атап өткенін қалаймыз.

Белгіленген қашықтықты толық бағындырғандардың барлығына марафон шарттарын орындағанын растайтын электрондық сертификаттар беріледі. Медаль табыстау қарастырылмаған», – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.

Марафонға Астананың кәмелетке толған барлық тұрғыны қатыса алады. Ол үшін AI SPORT қосымшасын жүктеп, тіркеліп, онлайн-марафонға қосылу қажет. Әр серуен немесе жүгіру алдында қатысушы GPS-трекерді іске қосады. Ол жүріп өткен бағыт пен қашықтықты тіркейді. Жаттығу аяқталған соң нәтиже қосымшада сақталып, қатысушылардың жалпы кестесінде көрсетіледі.

Бұл технология қатысушыларды бір жерге жинамай-ақ, олардың спорттық белсенділігін қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Көлікпен жүрген қашықтық есепке алынбайды.

Ұйымдастырушылар спорттық мақсатпен қатар, қатысушыларды ынталандыру үшін қосымша мүмкіндіктер де қарастырған. Марафон шарттарын орындағандар арасында 10 сыйлық ойнатылады. Олардың қатарында құлаққаптар, «Алиса» колонкалары және AI SPORT символикасы бейнеленген фирмалық маскоттар бар. Жеңімпаздар Instagram желісіндегі тікелей эфирде кездейсоқ таңдау арқылы анықталады. Қашықтықты бағындыру жылдамдығы мен қосымша жүрген шақырымдар жеңіске жету мүмкіндігіне әсер етпейді. Спорттық дайындығы мен нәтижесіне қарамастан, әр қатысушының ұтыс ойынына қатысуға бір мүмкіндігі болады.

«Біз заманауи технологиялар бұқаралық спортты қолжетімді ете алатынын көрсеткіміз келеді. Міндетті түрде үлкен жүгіру жарысына қатысудың немесе жаттығуға арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Тіпті күнделікті серуеннің өзі онлайн-марафонның бір бөлігіне айнала алады. AI SPORT көмегімен әр қатысушы өз жетістігін бақылап, жүріп өткен шақырымдарын тіркеп, қалалық ортақ қозғалыстың бір бөлігі бола алады. Бұл марафон көпшілікті көбірек қимылдауға және спортпен тұрақты айналысуға ынталандырады деп үміттенеміз», – деді AI SPORT негізін қалаушы Ғабит Салтыбаев.

AI SPORT – бұқаралық спортты дамыту үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдаланатын қазақстандық технологиялық платформа. Қосымша дене белсенділігін тіркеуге, спорттық нәтижелерді бақылауға, онлайн-жарыстар мен челлендждерге қатысуға мүмкіндік береді.