Референдум-2026

Айша Тұрмағанбетова: бүгінде күй өнеріне қызығушылық артып келеді

Айша Тұрмағанбетова: бүгінде күй өнеріне қызығушылық артып келеді
Фото: Айша Тұрмағанбетованың жеке архивінен

Елімізде шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Биыл бұл күн 5 шілдеге сәйкес келіп отыр. Осы мерекеге орай қоғам белсендісі, «Заң газетінің» шолушысы Айша Тұрмағанбетова ұлттық өнердің қадір-қасиеті мен домбыраның рухани маңызы туралы пікір білдіріп, қазақстандықтарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Айша Тұрмағанбетованың әлеуметтік желі парақшасына сілтеме жасап.

«Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Домбыра – қазақтың қолындағы аспап қана емес, халықтың тарихи жады мен рухани коды. Оның қоңыр үні ғасырлар бойы ұлттың мұңын да, қуанышын да, ерлігі мен елдігін де ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді.
Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудың ең сенімді жолы – рухани құндылықтарды ұлықтау. Сол құндылықтардың төрінде домбыра тұр. Сондықтан бұл мереке тек дәстүрлі музыканы дәріптейтін күн емес, ұлттық сананы жаңғыртып, мәдени тамырымызды бекемдей түсетін маңызды күн.
Қуаныштысы – бүгінде күй өнеріне қызығушылық артып келеді. Жас орындаушылардың қатары көбейіп, жаңа шығармашылық жобалар, фестивальдер мен білім беру бастамалары жүзеге асуда. Домбыраның күмбірі Қазақстанмен ғана шектелмей, әлемнің әр түкпірінде жаңғырып, мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеді.
Ұлттық мұраны сақтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Домбыраның үні халқымыздың рухын асқақтатып, келер ұрпақтың жүрегіне ұлттық құндылықтарды сіңіре берсін.
Ұлттық домбыра күні құтты болсын!»,-деді Айша Тұрмағанбетова.