Жүк тасымалы құжаттарын цифрландыру мерзімі ұзартылды

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жүк тасымалы құжаттарын цифрландыру мерзімі ұзартылды
Фото: freepik.com

Көлік министрлігі Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесіне (КҚББЖ) қатысты бірқатар талаптардың қолданысын 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексеруден өткенін жүйеде растау талабы уақытша міндетті емес. Бұл өзгеріс нарық қатысушыларына жаңа жүйеге бейімделуге қосымша уақыт беру мақсатында енгізілді.

Министрлік атап өткендей, КҚББЖ енгізу тасымалдаушыларға жаңа міндет жүктемейді, өйткені жүкқұжат пен жол парағын рәсімдеу талаптары бұрыннан заңнамада қарастырылған. Жүйенің негізгі мақсаты — қағаз құжаттарды электронды форматқа көшіру.

Сонымен бірге, тасымалдаушылар КҚББЖ-ны ерікті түрде қолдана алады. Интернет байланысы жоқ жерлерде құжаттарды қағаз түрінде рәсімдеп, кейін жүйеге енгізуге болады.

Халықаралық тасымалдарда, егер бірыңғай CMR жүкқұжаты қолданылса, КҚББЖ арқылы қосымша рәсімдеу талап етілмейді.

Медициналық тексеруге қатысты тетік те жеңілдетілген. Егер рейс алдындағы тексеруді медицина қызметкері жүргізсе, ол енгізілген мәліметтердің дұрыстығына жауапкершілік ала отырып, оны жүйеде растай алады. Ал растаудың өзге тәртібі қолданылған жағдайда, тасымалдаушы заңнама талаптарына сәйкес жол парағында тиісті белгіні өздігінен қояды.

Еске салайық, бұған дейін 3,5 тоннадан асатын жүк тасымалы үшін құжаттарды арнайы жүйеде тіркеу міндеттелетіні туралы жаздық.