Цифрландыру: 3,5 тоннадан асатын жүк тасымалы үшін құжаттарды арнайы жүйеде тіркеу міндеттелді

Бүгін, 12:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Цифрландыру: 3,5 тоннадан асатын жүк тасымалы үшін құжаттарды арнайы жүйеде тіркеу міндеттелді
Фото: freepik.com

Көлік министрлігі 1 маусымнан бастап жол парақтары мен тауар-көлік жүк құжаттарын міндетті түрде Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде тіркеу енгізілетінін хабарлайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.  

Бұл талап салмағы 3,5 тоннадан асатын автокөлік құралдарымен жүк тасымалдарын жүзеге асыратын нарық қатысушыларына қолданылады. Аталған санаттағы тасымалдар бойынша барлық жол парақтары мен тауар-көлік жүк құжаттары жүйеде тіркелуі тиіс.

Аталған норма Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 546 бұйрығына 2020 жылы енгізілген. Кейіннен бизнеске қолайлы жағдай жасау және жүйені техникалық тұрғыдан жетілдіру мақсатында оны қолдану міндетті емес сипатта болды.

Құжаттарды жүйеде тіркеу тасымалдауды ресімдеу үдерістерін оңайлатуға, қағаз құжат айналымын азайтуға және құжаттарға электрондық форматта қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Естеріңізге сала кетеміз, құжаттарды ресімдемеу, оларды тіркемеу немесе жалған мәліметтер енгізу үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-1-бабы 1-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.