Жылыту маусымы: Астанада мыңдаған үйде қауіпсіздік шаралары жүргізілді

Бүгін, 13:49
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жылыту маусымы: Астанада мыңдаған үйде қауіпсіздік шаралары жүргізілді
Фото: ТЖМ

Елордада 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Үйлерді аралау барысында мамандар жылыту жүйелері мен электр сымдарының жай-күйін тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және практикалық көмек көрсетеді.  

«200-ден астам үйге иіс газы мен табиғи газдың таралуын анықтайтын датчиктер, сондай-ақ түтін хабарлағыштары орнатылды. 35 үйдің мұржасы тазартылды. Сонымен қатар мамандар бұрын орнатылған автономды өрт хабарлағыштарының қуат элементтерін ауыстырып жатыр», - делінген хабарламада.

Профилактикалық аралау жұмыстары күн сайын полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың, «АРЭК» мамандары және еріктілер қатысуымен жүргізіледі.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.

«Жанып тұрған пештер мен қосулы электр жылытқыштарын қараусыз қалдыруға болмайды. Жылыту жүйелері мен электр сымдарының жарамдылығын қадағалап, мұржаларды уақытылы тазалап отыру маңызды», - деп ескертті қалалық ТЖД.

Сондай-ақ, өрт немесе басқа да төтенше жағдай болған кезде дереу 112 нөміріне хабарласу қажет.

Еске салсақ, Төтенше жағдайлар министрлігі автокөлік жүргізушілеріне қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынды.