Елордада ер адамдарды алдап кездесуге шақырып, бопсалағандар сотталды

Бүгін, 15:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада ер адамдарды алдап кездесуге шақырып, бопсалағандар сотталды
Фото: pexels.com

Елордада тұратын үш ер адам Telegram мессенджерінде қыздардың атынан жалған аккаунттар ашып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырып, кейін оларды қаладан тыс жерге күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Қаскөйлер бопсалау арқылы үш жәбірленушіден жалпы сомасы 2,2 млн теңгені иемденген. Біреуін микроқаржылық несие рәсімдеуге мәжбүрлеген, ал екіншісінің автокөлігін иемденіп алған.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.

«Сот үкімімен үш сотталушы адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы танысу кезінде сақтық танытуға шақырады, сондай-ақ адам ұрлау және ауырлататын мән-жайларда жасалған бопсалау қылмыстары үшін мүлікті тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертті.

Еске салсақ, Астанада аялдамадағы камераны бүлдірген оқушылар анықталды.