Жамбыл облысында сот орындаушысы 3,9 млн теңгені жымқырған

Бүгін, 17:33
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жамбыл облысында сот орындаушысы 3,9 млн теңгені жымқырған
фото: Оңалхан Өнерхан

Жамбыл облысында жеке сот орындаушысының қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану дерегі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Тексеру барысында сот орындаушысы мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына өндірілген қаражатты заңсыз иемденгені белгілі болды. Атап айтқанда, борышкерлерден өндірілген 3,9 млн теңге оның жеке шотына аударылып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 251-бабының 2-бөлігіне сәйкес (жеке сот орындаушысының өкілеттігін қайталап теріс пайдалануы) қылмыстық іс тіркелді. 2026 жылғы 20 наурызда іс сот қарауына жіберілді.

Сонымен қатар, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша прокурорлық тексерулер нәтижесінде 168 адам түрлі жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 81 жеке сот орындаушы жазаланған.

Бұдан бөлек, алимент төлеуден жалтарған 6 азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша істер қозғалды.

Прокуратураның қабылдаған шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 220 млн теңге берешек өндірілген. Қадағалау органы азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастырып, атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.