Астанада Fly-Park LAST RIDE-26 экстремальды спорттық іс-шарасы басталды

Астанада Fly-Park LAST RIDE-26 экстремальды спорттық іс-шарасы басталды
Фото: Қанат Байұзақов

Астана қаласының «Байқоңыр» ауданындағы Кемал Ататүрік атындағы саябақта орналасқан Fly Park скейт-паркінде Fly-Park LAST RIDE-26 жастар спорттық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара экстремалды спорт түрлеріне қызығатын азаматтар мен елорда жастарын біріктіреді. Бағдарлама аясында BMX фристайлы және трюктік самокат (Scoot) бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Жарысқа 12-25 жас аралығындағы 100-ден астам қатысушы тіркелді.

«Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Осы арқылы жастар аудан әкімдігінің оларға көңіл бөліп, бастамаларын қолдайтынын сезінеді. Біз оларды ортақ алаңға жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз және өз идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. 

Бұл скейт-паркті 2026 жылдың мамыр айында экстремалды спорт түрлерімен айналысатын жастар үшін арнайы салдық. Олардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, жаттығуына, шеберлігін шыңдауына және өздері сияқты қызығушылығы бар жастарды тартуына мүмкіндік жасадық. Мұндай орта жастардың өзара жақындасып, бірлесе дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар жастарға қаланы қорғау мен оның тазалығын сақтау, вандализмге жол бермеу және есірткіден аулақ болу қажеттігін түсіндіретін түрлі іс-шаралар өткіземіз.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз. Биыл ауданымызда 20-ға жуық қоғамдық кеңістік пен балаларға арналған аула алаңын аштық. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырып, аулаларға қосымша спорттық құрал-жабдықтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, қала тұрғындарына ашық ауада спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасағымыз келеді», - деді «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі бойынша басшысы Арман Байымбетов.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар үшін жағымды әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, көше спорты мәдениетін дамыту және бос уақытты тиімді ұйымдастыру.

«Бүгін Fly Park скейт-паркінде 2026 жылғы маусымның қорытынды жарысы өтіп жатыр. Біз мұндай жарыстарды жылына екі рет ұйымдастырамыз. Алдағы уақытта олардың санын үшке дейін арттырғымыз келеді. Өйткені жарыстардың жиі өткізілуі спортшылардың ынтасын арттырып, шеберлігін шыңдауға және жаңа нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Қазір BMX фристайлы мен трюктік самокат спорты күн санап танымал болып келеді. Қатарымызға жаңадан қосылып жатқан жастардың саны артып, спорттық инфрақұрылым да біртіндеп дамып жатыр. Бұл бағытта қала әкімдігі қолдау көрсетуде.

Астанада 5 скейт-парк бар. Алайда олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Fly Park – елордадағы осындай үлгідегі жалғыз алаң. Қазақстанда да мұндай нысандар көп емес. Дегенмен, шешімін күткен мәселе бар. Қыста жаттығуға мүмкіндік беретін жабық алаң жоқ. Қазіргі жағдайда спортшылар жылына шамамен алты ай ғана ашық алаңда толыққанды жаттыға алады. Сондықтан болашақта жастардың жыл бойы осы спорт түрімен айналысуына мүмкіндік жасауды көздеп отырмын.

Бұл спортпен 10 жастан бастап 25-30 жасқа дейінгі азаматтар айналысады. Жарысқа қатысу үшін жас ерекшелігіне сай талаптарды сақтап, алдын ала тіркелу жеткілікті. Қатысушылар Қазақстанның кез келген қаласынан келе алады.

BMX фристайлы мен трюктік самокат спорты жастардың физикалық дамуына ғана емес, мінез-құлқының қалыптасуына да ықпал етеді. Ең бастысы, олардың алдына мақсат қойып, сол мақсатқа табандылықпен жетуіне көмектеседі. Жаңа трюктерді меңгеру үшін, тұрақты жаттығып, еңбек ету қажет. Сонымен қатар спорт жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып, зиянды әдеттер мен түрлі тәуелділіктерден аулақ болуға ықпал етеді.

Қазір жастар жыл бойы жаттығуға тырысады. Олар скейт-парктер мен басқа да қолайлы алаңдарды пайдаланып, шеберліктерін жетілдіріп, жаңа трюктерді меңгереді. Алдағы уақытта осы спорт түрінің дамуына жағдай жасап, жарыстар санын арттыру және жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық алаң ашу бағытында жұмыс істегіміз келеді», - деді шараның ұйымдастырушысы Зейн Жакитов.

Шараның салтанатты ашылу рәсіміне қонақ ретінде Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов, гимнастикадан Астана қаласы федерациясының президенті, құқық бұзушылық профилактикасы кеңесінің мүшесі Ербол Жантықов да қатысты.

«Мен өзім гимнастикамен айналыстым. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Гимнастика мен экстремалды спорт түрлерінің арасында ортақ элементтер көп. Біз де түрлі трюктер мен сальто жасаймыз. Сондықтан мұндай спорт түрлері маған өте жақын әрі қызықты.

Бүгін жастарды қолдап, олардың өнерін тамашалау және мотивация беру үшін келдім. Олардың айналысып жүрген ісінің болашағы бар екенін, еңбектері еш кетпейтінін жеткізгім келеді.

Менің басты мақсатым – жастарға дұрыс бағытта келе жатқанын түсіндіру. Олар уақытын бос өткізбей, спортпен шұғылдану арқылы күшін арттырып, икемділігін дамытады және өзіне деген сенімін қалыптастырады. Мұның барлығы болашақта өмірдің басқа салаларында да пайдасын тигізеді», – деді Ербол Жантықов.

Шара барысында қатысушылар спорттық жарыстарға қатысумен қатар, «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында қабырғадағы жазуларды өшіруге де атсалысты.

Айта кетейік, жарыс сағат 17:00-ге дейін жалғасады. Жеңімпаздар арнайы медальдармен марапатталады.