Ынтымақ – ел дамуының берік негізі

Бүгін, 09:04
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ынтымақ – ел дамуының берік негізі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қоғамдағы тұрақтылық пен татулық – кез келген мемлекеттің басты құндылығы. Осы орайда елімізде Наурызнама аясында атап өтілетін Ынтымақ күнінің достық пен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн – көпұлтты Қазақстан қоғамындағы бірлік пен келісімнің нақты көрінісі. Астанадағы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің пікірінше, Ынтымақ күнінің маңызы жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ел үшін мұндай мерекелер қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда ерекше рөл атқарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақстан қырғыздарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаиловтың айтуынша, 21 наурызды Ынтымақ күні ретінде атап өту – елдегі барлық этностардың бірлігі мен татулығын нығайтатын маңызды қадам.

Фото: Шавкат Исмаиловтың жеке мұрағатынан

«Қазақстан - көпұлтты мемлекет, сондықтан қоғамдағы келісім мен өзара құрмет - біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Осы орайда Ынтымақ күнін - Қазақстан халқының бірлігі мен бейбіт өмірінің айқын көрінісі деп есептеймін. «Бірлік бар жерде - тірлік бар» деп тегін айтылмаса керек. Қазақстанда этностар мен ұлттар арасында  бірлік сақталса, еліміздің даму болашағы өте зор әрі тұрақты болады. Егер қоғамда өзара сенім, құрмет және келісім болса, онда экономикалық даму да, әлеуметтік тұрақтылық та қарқынды жүреді. Мұндай жағдайда елге инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, жалпы халықтың әл-ауқатын арттыру әлдеқайда жеңіл болады.Ұлтаралық татулық - біздің ортақ жетістігіміз әрі оны сақтау - бәріміздің міндетіміз. Қазақстан осы бағытта әлемге үлгі бола алатын мемлекеттердің бірі.  Баянды бірлік - Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы мен өркендеуінің негізгі факторы», - деп атап өтті Шавкат Исмаилов.

Оның айтуынша, Қазақстанда әртүрлі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жақсы жағдай жасалып жатыр деп айтуға толық негіз бар.

«Астананың орыстар қауымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Авдеев те бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы бірлік – өздігінен қалыптасқан құбылыс емес, бұл – барлық этнос өкілдерінің ортақ еңбегінің нәтижесі. Бүгінде ел азаматтары өздерін ұлтына қарай бөлмей, біртұтас Қазақстан халқы ретінде сезінеді.

Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет қазақстандықтардың күші бірлікте екенін атап өтті.  Біз көпұлтты Қазақстанда, яғни 124 этнос тұратын мемлекетте «бейбітшілік пен тату көршілестік» қағидасы бос сөз емес екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы өмірлік принципті насихаттауда елеулі еңбек сіңірді.  Осы орайда Ынтымақ күні мерекесі бізге қоғамда өзара құрмет, ынтымақтастық пен қолдаудың маңыздылығын, әділетті әрі гүлденген қоғам құруға тағы бір мәрте еске салады», - дейді Андрей Авдеев.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның әлемге ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі ретінде танылғанын атап өтті. Бұл – елдегі ішкі саясаттың жүйелі әрі тиімді жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді.

Ал «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Кайльдің пікірінше, Ынтымақ күні – жай ғана мерекелік дата емес, бұл – қоғамдағы бейбітшілік пен өзара құрметтің маңызын еске салатын күн. Оның айтуынша, бірлік пен сенім бар жерде мемлекет те нық әрі тұрақты дамиды.

«Жалпы алғанда, Қазақстанда түрлі этностардың тілі мен мәдениетін дамытуға жақсы жағдай жасалған. Қоғамдық бірлестіктердің, этномәдени орталықтардың, шығармашылық ұжымдардың, тіл клубтарының жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Фестивальдер, кездесулер, концерттер, көрмелер, білім беру және мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстар бар: жергілікті деңгейде қолдауды күшейту, жастар жобаларына көбірек көңіл бөлу, заманауи жұмыс форматтарын дамыту қажет. Дегенмен ең бастысы — елімізде мәдени әртүрлілік бірлікке кедергі емес, керісінше оны нығайтатын фактор екені туралы түсінік қалыптасқан», - деді Александр Кайль.

Фото: «Видергебурт» («Қайта өрлеу») қорының сайтынан

Қорытындылай келгенде ынтымақ күні – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын айшықтайтын ерекше мереке. Бұл күн – елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы ғана емес, сонымен қатар болашаққа деген сенімнің кепілі. Бірлік пен келісім сақталған жерде даму да, өркендеу де болары анық.