Ұлттық тестілеу орталығы «ҰБТ-дан өтуге көмектесуді» ұсынатын алаяқтардан абай болуға шақырды

Бүгін, 18:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлттық тестілеу орталығы «ҰБТ-дан өтуге көмектесуді» ұсынатын алаяқтардан абай болуға шақырды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілерде «ҰБТ-дан өткізіп береміз», «грант алып береміз» немесе «тест сұрақтарының жауабы бар» деген мазмұндағы хабарламалар тарап жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы осыған байланысты жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мұндай ұсыныстардың барлығы – алаяқтық әрекеттер. Азаматтарды күмәнді ақпаратқа сенбеуге және алаяқтардың құрбаны болмауға шақырамыз.

Сонымен қатар әр тестіленушіге жеке тест нұсқасы қалыптастырылатынын еске саламыз. Осыған байланысты интернетте таралатын «слив» материалдары нақты тест тапсырмаларымен сәйкес келеді деген пікір шындыққа жанаспайды», - делінген орталық хабарламасында.

️Орталық тест материалдарын заңсыз таратуға қатысты барлық факт анықталған жағдайда, уәкілетті органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.

«Тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі болып табылады және оларды заңсыз жариялау мен тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.

ҰБТ-ға тек өз біліміңізге сеніп дайындалуға шақырамыз. Академиялық адалдық қағидаларын бірге сақтайық», - деп қосты орталық мамандары.