Ұлбала Тойлыбаева: Президент Жарлығы білім жүйесін инновациялық деңгейге көтеруді көздейді

14 мамыр, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ұлбала Тойлыбаева: Президент Жарлығы білім жүйесін инновациялық деңгейге көтеруді көздейді
Фото: Сұлтан Сейітов

Жасанды интеллектіні білім саласына енгізу туралы Президент Жарлығы — еліміздің болашағын жаңа ойлау деңгейіне көтеруге, қоғамда заманауи құндылықтар мен жаңа мүмкіндіктерді кеңінен қолдануға бағытталған маңызды қадам. Астана қаласы әкімдігі №114 жалпы білім беретін «Келешек мектебінің» директоры Ұлбала Тойлыбаева осындай пікір айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Директордың сөзінше бүгінгі таңда мемлекетке тек білімді емес, сыни ойлайтын, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті ұрпақ қажет. Осы орайда Президент Жарлығы ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын шешімдердің бірі екені анық. 

«Білім саласының өкілі ретінде мұндай өзгерістердің маңызын ерекше сезінемін. Себебі сапалы білім мен саналы тәрбие — Жаңа Қазақстанның басты тірегі. Осындай бастамалар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңашылдыққа ұмтылуына, ел болашағына бей-жай қарамайтын тұлға болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді деп сенемін. Қазірдің өзінде мектебімізде Google-дің жасанды интеллектімен интеграцияланған өнімі қолданылуда. Басқарма бастамасымен GhatGPT-дің ақылы нұсқасын қолдануға мүмкіндік ашылды», - деп атап өтті Ұлбала Тойлыбаева. 

Еске салсақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Құжаттың негізгі мақсаты – жасанды интеллект жедел дамып келе жатқан кезеңде Қазақстан Республикасының өркендеуін қамтамасыз етіп, адами капиталды ілгерілетуге үлес қосатын заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.