Үкімет цифрлық активтерді дамыту жөніндегі жоспарды мақұлдады

Үкімет цифрлық активтерді дамыту жөніндегі жоспарды мақұлдады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда цифрлық активтер саласын дамытуға бағытталған 65 шарадан тұратын бірлескен іс-қимыл жоспары мақұлданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжат Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Жоспар 10 негізгі бағытты қамтиды.

Құжаттағы шаралар экономикада цифрлық активтерді пайдалану аясын кеңейтуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және осы бағытта бәсекеге қабілетті нарық қалыптастыруға бағытталған.

Жоспарды іске асыру аясында капиталды Қазақстанның ашық әрі айқын қаржы айналымына қайтару, төлемдер мен нақты секторды қаржыландыруда цифрлық активтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.

Сонымен қатар жаңа инвестициялық құралдар қалыптастырылып, клиенттер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Цифрлық қаржы қызметтерінің экспортын дамытуға да басымдық берілмек.

Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі шаралардың уақтылы әрі сапалы орындалуы маңызды екенін атап өтті.

«Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігі көзделген. Осыған баса назар аударамын», – деді Үкімет басшысы.

Бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруды Ұлттық банк үйлестіреді. Сондай-ақ банк жоспардағы іс-шаралардың белгіленген мерзімде орындалуына мониторинг жүргізеді.

Үкіметтің мәліметінше, жоспарды жүзеге асыру Қазақстандағы цифрлық активтер нарығын сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Премьер-министр киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.