Референдум-2026

Саят Байғабұлов: Теміржолдағы электрмен жабдықтау қызметі тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

Саят Байғабұлов: Теміржолдағы электрмен жабдықтау қызметі тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Фото: ҚТЖ

Теміржол көлігінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуі – көлік саласындағы басты міндеттердің бірі. Пойыздардың белгіленген кестеге сай қозғалысы мен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде электрмен жабдықтау қызметінің орны ерекше. Бұл сала мамандары тәулік бойы теміржол инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, электр желілерінің сенімділігін бақылап, ақаулардың алдын алу бағытында жүйелі еңбек етеді. Теміржолшылар күні қарсаңында осы жауапты қызметтің бүгінгі жұмысы мен саладағы жаңашылдықтар туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Астана электрмен жабдықтау дистанциясы» филиалы бастығының орынбасары Саят Байғабұловпен әңгімелестік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Астана электрмен жабдықтау дистанциясы» филиалы бастығының орынбасары Саят Байғабұловтың айтуынша, электрмен жабдықтау қызметінің үздіксіз жұмысы пойыздардың қауіпсіз әрі кестеге сәйкес қозғалуына тікелей ықпал етеді.

«Электрмен жабдықтау қызметінің үздіксіз жұмысы пойыздардың қауіпсіз әрі кесте бойынша жүруін қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл қызмет – теміржолдың маңызды салаларының бірі. Мамандар тәулік бойы жауапкершілікпен еңбек етіп, ақаулардың алдын алады және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – дейді Саят Байғабұлов.

Маманның айтуынша, ұжым электр желілерін жаңғырту, жабдықтарды уақытылы жөндеу, апатты жағдайлардың алдын алу және электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтау мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Бүгінде теміржол саласында цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қашықтан бақылау жүйелері, автоматтандырылған басқару тетіктері, заманауи диагностикалық құрылғылар және энергияны үнемдейтін жабдықтар өндірістік процеске енгізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда цифрлық технологиялар енгізілуде. Қашықтан бақылау жүйелері, автоматтандырылған басқару жүйелері, заманауи диагностикалық құрылғылар және энергияны үнемдейтін жабдықтар қолданылып жатыр. Бұл жұмыстардың сапасын арттырып, ақауларды жедел анықтауға мүмкіндік береді», – дейді маман.

Теміржолшылар күні – тәулік бойы жауапты міндет атқарып, елдегі көлік жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегіне көрсетілетін құрмет. Электрмен жабдықтау қызметінің мамандары да осы жауапты істі абыроймен атқарып, теміржол инфрақұрылымының сенімді жұмыс істеуіне және пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын өз үлестерін қосып келеді.