Құрылтай депутаты Татьяна Савельеваның өкілеттігі өзінің өтініші негізінде мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, Татьяна Савельеваның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініші ОСК-ға 2026 жылғы 6 қазанда түскен.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы заңнама талаптарына сәйкес оның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін Құрылтайға ұсыным енгізген.
Құрылтай Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 4-тармағына және 56-бабының 12) тармақшасына, сондай-ақ Құрылтай Регламентінің 255-тармағына сәйкес, Татьяна Савельеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады.
Татьяна Савельева 2026 жылғы тамызда өткен сайлаудан кейін Құрылтай депутаты болып тіркелген.
Бұған дейін ол 2023 жылғы наурыздан бастап Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап Қаржы вице-министрі қызметін атқарған.