Депутат жастардың 50 мың теңгеден асатын аударымдарын биометриямен растауды ұсынды

Депутат жастардың 50 мың теңгеден асатын аударымдарын биометриямен растауды ұсынды
Фото: видеодан скрин

Құрылтай отырысында депутат Дидарбек Ділдәбек жастарды есірткі тасымалы мен дропперліктен қорғау мәселесін көтеріп, 14–22 жастағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын ақша аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Депутаттық сауал «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың синтетикалық есірткі тасымалы мен дропперлікке тартылуының алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейтуге бағытталған.

Сауал Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа жолданды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банк шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген.

Депутаттың пікірінше, мәселені тек қылмыстық қудалау арқылы шешу мүмкін емес. Қаржылық бақылау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары қатар жүргізілуі керек.

«Жеңіл табысқа сеніп, шотын «жалға берген» жастар оның заңсыз қаржы айналымына пайдаланылу қаупін және өз жауапкершілігін жете түсіне бермейді», – деді Дидарбек Ділдәбек.

Ол оқу орындарындағы профилактикалық жұмыстың да қазіргі қауіп-қатерге сай жүргізілмей отырғанын айтты. Әсіресе, бірінші курс студенттерімен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, құқық қорғау органдары, оқу орындарының қызметкерлері мен психологтар арасында тұрақты байланыс орнату қажет деп санайды.

«Есірткі мессенджерлер мен QR-кодтар арқылы таралып жатқанда профилактиканы граффити өшірумен шектеу жеткіліксіз», – деді депутат.

Депутаттық сауалда мәселені шешуге бағытталған бірнеше ұсыныс айтылды. Соның бірі – 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту.

Депутат осы жас санатындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, студенттерді банк шоттарын сыйақы үшін өзге адамдарға беруге тарту фактілері мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасу тетігін жолға қою ұсынылды.

Сондай-ақ депутат оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын бөтен адамдарға берудің қаупін түсіндіруді жүйелі түрде ұйымдастыру қажет деп есептейді.

Әлеуметтік осал жастарды «Отбасының цифрлық картасы» арқылы анықтап, атаулы көмек көрсету де ұсыныстар қатарында. Оның ішінде мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен және киім алуға арналған ваучерлермен қамтамасыз ету, коммуналдық кәсіпорындарда күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыру мәселесі көтерілді.

Бұған қоса, депутат құқық қорғау, қаржы, цифрландыру, еңбек және білім саласындағы мемлекеттік органдар арасында тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейтуді ұсынды.

«Жастарға заңды табыс табуға мүмкіндік беру және уақтылы әлеуметтік қолдау көрсету – оларды қылмыстық ортадан қорғаудың маңызды шарты», – деп түйіндеді Дидарбек Ділдәбек.

Бұған дейін Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылатыны хабарланған еді.