Шымкентте алаяқтар iPhone 17-ні 45 мыңға сатқан

Шымкентте алаяқтар iPhone 17-ні 45 мыңға сатқан
Фото: freepik.com

Шымкентте киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бірнеше интернет алаяқтыққа қатысы бар әйелді ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Күдікті танымал хабарландыру қосымшасында қымбат смартфондарды арзан бағада сататыны туралы жарнамалар жариялаған.

«Атап айтқанда, iPhone 17 Pro Max телефонын нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен бағамен - 45 мың теңгеге сататынын көрсеткен. Тиімді ұсынысқа сенген қала тұрғындарының бірі «сатушымен» байланысып, көрсетілген шотқа ақшаны аударған. Алайда қаражатты алғаннан кейін әйел байланысқа шықпай кеткен», делінген хабарламада.

Күдіктінің осыған ұқсас тәсілмен жасалған 4 алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға онлайн сауда кезінде сақ болуды ескертіп, бейтаныс адамдарға ақша аудармауды және хабарландырудың шынайы екендігін мұқият тексеру керектігін ескертеді.