Су ресурстары және ирригация министрі «Болашақтың қайнары» еріктілерімен кездесті
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысының қатысушыларымен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Болашақтың қайнары» – Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен құрылған су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы. Оның құрамына Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері кіреді. Олар «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында бұлақ көздерін тазарту жұмыстарына белсенді қатысып келеді.
Еріктілер су үнемдеуді насихаттау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарға үлес қосуды көздейді. Мұндай еріктілер топтарын еліміздің өзге өңірлерінде де құру жоспарланып отыр.
Су саласында білім алып жатқан студенттер министрге «Қазсушар» РМК филиалдарында және министрліктің орталық аппаратында өндірістік тәжірибеден өтуге, су шаруашылығы саласындағы жаңашылдықтар мен су біліміне қатысты сұрақтарын қойды.
«Сапалы білім елге пайда әкелуге қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Қазақстанда су саласындағы білім беру қарқынды дамып келеді. Жоғары оқу орындары мен колледждерде тиісті мамандықтар саны артып жатыр. Сонымен қатар су дипломатиясы сияқты жаңа пәндер енгізілуде. Білім беру стандарттары әзірленіп, жаңартылып жатыр. Бұл шаралардың барлығы су саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған. Ал болашақта сіздер де осы саланың маңызды бөлігіне айналасыздар», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.